Көші-қон қызметінің бөлімшелері енді 16 жастан асқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саусақ іздерін алады. Процедура уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат беру кезінде, сондай-ақ тұруға ықтиярнама, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі және жол жүру құжатын алғаш рет алу, қалпына келтіру немесе ауыстыру кезінде жүргізіледі.
Саусақ іздері Қазақстан визаларын рәсімдеу кезінде де алынады. Сонымен қатар, дактилоскопиядан елден шығарылатын немесе реадмиссия туралы халықаралық келісімдерге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтеді.
Процедура қалай өтеді
Саусақ іздері бояусыз әдіспен алынады — барлық он саусақ сканерленеді. Егер жүйе саусақ іздерін танып білмесе, сканерлеу қайталанады, қажет болған жағдайда дактилоскопияның басқа әдісі қолданылады.
Процедурадан кім босатылады
12 жастан кіші балалар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтпейді және шекарадан өткенде саусақ іздері арқылы жеке басын растамайды. Визаларды рәсімдеу кезінде дактилоскопиядан шет мемлекеттердің басшылары, дипломатиялық паспорт иелері, ресми делегация мүшелері және қағидаларда көрсетілген басқа адамдар босатылады.
Ақпарат не үшін қажет
ІІМ-де дактилоскопиялық деректер жеке басын растау, шетелдіктерді есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шекарадағы бақылау үшін қолданылатынын түсіндірді. Геномдық ақпарат қылмыстарды тергеу, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу және танылмаған қаза болғандардың жеке басын анықтау, сондай-ақ туыстық байланыстарды растау үшін қолданылады.