Тараптар ауыл шаруашылығындағы екіжақты серіктестікті дамыту перспективаларын, агроөнімдер саудасын кеңейтуді және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады.
Айдарбек Сапаров Грузияны Кавказ аймағындағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі деп атады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 77%-ға өсіп, 116 млн доллардан асты.
Қазақстанның мүдделері
Қазақстан тарапы астық, ұн, өсімдік майлары, макарон өнімдері, ет, сүт өнімдері, шоколад және кондитерлік өнімдерді Грузия нарығына жеткізуді арттыруға дайын екенін білдірді.
Ветеринариялық ынтымақтастық
Ветеринарияға ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстаннан Грузияға тірі шошқалар мен шошқа етін жеткізуге арналған ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісуді аяқтау қажеттігін, сондай-ақ асыл тұқымды және тауарлық ірі және ұсақ мал экспортына келісілген сертификаттарды енгізу қажеттігін атап өтті.
Грузия делегациясы агроөнеркәсіптік кешенде серіктестікті одан әрі нығайтуға және технологиялармен алмасуға қызығушылық танытты.